Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығы
"Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-1-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Е. Досаев
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 28 ақпандағы
№ 163 бұйрығымен бекітілген
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-1-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін (бұдан әрі - сумен жабдықтау және су бұру жүйесі) пайдалану тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілетін қызметтерді тоқтатуға не көлемін, ауыз су сапасын айтарлықтай азайтуға және халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға әрі жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан сумен жабдықтау және су буру жүйелерінің немесе жекелеген құрылыстардың, жабдықтардың, құрылғылардың бұзылуы немесе істен шығуы;
2) ауыз су - адамның ішуге, өзге де тұрмыстық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға және тамақ өнімдерін өндіруге арналған табиғи су немесе өңделгеннен кейін сумен жабдықтау жүйелері арқылы берілетін су;
3) бақылау құдығы - тұтынушының сарқынды суларының сынамасын іріктеуге және оның көлемін есепке алуға арналған оның су бұру жүйесіне қосылуы алдындағы тұтынушының су бұру желісіндегі соңғы құдық;
4) есепке алу аспабы - нормаланған метрологиялық сипаттамасы бар, белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін жаңғыртатын және сақтайтын әрі «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 маусымдағы Заңында белгіленген тәртіппен коммерциялық есепке алу үшін қолдануға рұқсат етілген су көлемін өлшеуге арналған техникалық құрал;
5) есепке алу аспаптарын тексеру - есепке алу аспаптарының жай-күйін тексеру, оның техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау және растау, көрсеткіштерін алу, сондай-ақ су өлшеу торабындағы пломбалардың бар-жоғын және тұтастығын анықтау үшін қызмет көрсетушінің өкілі орындайтын операциялар жиынтығы;
6) қосалқы тұтынушы - меншігінде немесе өзге де заңды негізде тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бар және оның жүйелерін шарт негізінде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
7) қызмет көрсетуші - сумен жабдықтау мен су бұрудың толық технологиялық үдерісін жүзеге асыратын және тұтынушыларға сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету мақсатында елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйесін пайдаланатын, сондай-ақ тұтынушылардың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйіне техникалық қадағалауды жүзеге асыратын, тұтастай алғанда елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің дамуын реттейтін және бақылайтын су шаруашылығы ұйымы (сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорны);
8) оқшау тазарту құрылыстары - тұтынушының өзінің сарқынды суларын су бұру жүйесіне ағызу алдында оларды тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;
9) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы - тараптардың келісімімен белгіленетін міндеттер (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерінің бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;