Уважаемые потребители! Передать показания приборов учета и заявки на опломбировку можно в онлайн режиме  через боты: WhatsApp   +7  778 089 4931 Telegram @ qaragandy _su_bot  

КЕҢЕС ӘСКЕРІНІҢ АУҒАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНЫНА – 28 ЖЫЛ

2017 жылдың 15 ақпанында Қарағанды қаласының Жеңіс саябағындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлеріне арналып соғылған ескерткіш-обелиск маңында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай салтанатты шара өткізілді. Бұл шара Қарағанды қаласы әкімдігі мен «Қарағанды қалалық Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің «Ардагер» одағының» ұйымдастыруымен өтті. Бұл салтанатты жиында Қарағанды қаласының әкімі Н.Е. Аубакиров, сонымен қатар «Ардагер» одағының төрағасы Т.Хасенов, Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектептің басшылары, Ауған соғысы майданында ерлік көрсеткен, қанды қырғында қайсарлық танытқан қарағандылық жауынгер-интернационалистер қатысты. Бұл күні өңіріміздің азаматтары, Ауған майданының ардагерлері Ауған соғысының құрбандарын еске алды. Бұл күннің маңызын танытатын шаралар Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі мен Майқұдық мәдениет үйі ұжымы бірігіп ұйымдастырған кештер арқылы да жалғасын тауып жатты. Бұндай шаралардың өткізілуі дәстүрге айналса, ержүректілік көрсеткен қарағандылықтарды танытсақ, кейінгі ұрпаққа мол тәлім-тәрбие беретініміз анық. Аталған салтанатты жиынға бүгінде «Қарағанды Су» ЖШС-де жұмыс атқарып жүрген Ауған соғысына қатысып, ерлік көрсеткен 17 Ауған соғыс ардагерлері: Н.И. Данковцев, А.И. Дударь, А.Т. Акпаров, С.А. Якубенко, Д.К. Маханов, В.Н. Кошкарёв, А.А. Бабиков, С.Н. Сергиенко, Г.Т. Жакупов, Г.В. Московченко, А.С. Нурпеисов, В.В. Карбовничий, Н.К. Есенжолов, Ю.К. Лямов, У.К. Бегежанов, Т.К. Амамбаев, Е.Б.Дулатбаев шақырылды. Сондай-ақ, мекеме атынан ардагерлерге бір демалыс күн берілді. «Қарағанды Су» ЖШС-де жұмыс істейтін Ауған соғыс ардагерлерінің құрметіне жыл сайын 7-мамыр – «Отан қорғаушылар күнінде» құрмет көрсету салтанатты шарасын өткізу дәстүрге айналған. «Қарағанды Су» ЖШС Материалды-техникалық жабдықтау бөлімінде жетекші инженер қызметін атқарып жүрген, Ауғанстанда орын алған әскери оқиғаға қатысқан Ауған соғысы ардагері Юрий Караумович Лямов бүгінде ескі күннен тек естелік ретінде қалған күндерде бастан кешкен оқиғалардан сыр шертіп, сол кезең ақиқатымен бөліскен еді: «...1987 жылы, небәрі 18 жасында Ресейде жүрген кезінде Ауғанстанға жіберілетін Кеңес әскері құрамына шақырылған Юрий Караумович, Ауған соғысы майданында тура 1 жыл 10 ай әскери міндетін атқарған. 1988 жылы сәуірде Женевада Ауғанстандағы жағдайды саяси жолмен реттеу туралы келісім жасалғаннан кейін Ауған майданынан әскерді лек-легімен, кезекпен шығару басталған. Юрий Караумович Лямов Ауған соғысы майданынан 1989 жылдың 13 ақпанында шығарылып, елге оралған. - Бүгінде 28 жыл уақыт өткеннен кейін сол кездері бастан өткен қасіретті оқиғалар біраз ұмытылып, сананы қатты мазаламайды. Алайда, майданнан шығарылғаннан кейінгі алғашқы жылдарда майдандағы күндер талай түсіме кірген. Бүгінде Ауған қасіреті, «Ауғандық синдром» ретінде белгілі қалыпты бастапқы 10 жылда бастан кешірдім. Тіпті жақында маған сол жаққа қайтып барғаным түсіме кірді, түсімде: «Мен бұл жерде болдым, бұл жерде әскери борышымды өтедім ғой, мұнда қайтадан болмауым керек» деп, дәлелдемек болдым», - деп күліп, Юрий Караумович сонау 1987-1989 жылдары бастан өткерген Ауғанстандағы қызмет еткен кезінен қалған естелік суреттерімен қуана бөлісті. ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ... Бүгінде тарих беттерінде қалған майданға қатысты деректерге көз жіберсек, бұл майданға 22 мың Қазақстандық жауынгер-интернационалист қатысқан екен. Оның 1000-ға жуығы соғыс даласынан оралмаған. 2 238 күнге созылған Ауғандағы қантөгіс ХХ ғасырдағы ең ұзақ соғыс ретінде тарихта қалды. 1988 жылы сәуірде Кеңес үкіметі әскери бөлімдерін әкете бастады. Соңғы әскери колонна 1989 жылы ақпанның 15-і күні Ауғанстан жерін тастап шыққан. Бұл қақтығысқан ұрыста қаза тапқан 1000 жауынгердің 86-сы қарағандылық азаматтар. Арасында тіптен хабарсыз кеткендер де бар. Бұл бағалы тарихи деректерге айналған жайттарды, Ауған жерінде орын алған соғыстың ақиқаты мен қаһарлы күндерін бойларына патриоттық қасиетті сіңіру мақсатында бүгінгі жас буын өкілдерінің білуі шарт. Сол арқылы тарихта қалған Ауған майданы ардагерлерінің қаһармандығынан тәлім алып, бүгінгі егеменді ел азаматтарының сол кездегі бастан кешкен қасіретін біліп, ел тыныштығын сақтау жолындағы ерліктерін бағалау басты міндет.